Тамылжыған тамыз айының алғашқы күні Бөрлі ауданының Ақсу, Кеңтүбек елді мекендерінің тұрғындары үлкен қуанышқа бөленді. Қалықтаған әсем әннің әуенімен, жаңа баспана кілтіне ие болған жандардың қуанышында шек болмады.
Биылғы жылдың көктем айларынан бастап еліміздің көптеген өңірлерін топан су басты. Табиғат апатының құрығына Батыс өңірі, оның ішінде Бөрлі ауданының елді мекендері де ілікті. Айтып келмеген апатқа халықта қарсы тұрарлық қауқар да жоқ еді. Бұрын-соңды болмаған су тасқынынан біраз жан баспанасынан, мал-мүлкінен айырылды. Үйсіз, күйсіз қалған жандар жақын-жуықты паналап, «Ендігі күніміз қалай болмақ?», «Болашақтан не күтуге болады?» деген уайыммен күй кешті. Ел басына осындай ауыр күн туғанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тосыннан келген апатқа күш біріктіріп, жұмыла күресуге шақырып, үндеу жолдады. Осындай қысылтаяң кезде ел Президентінің Үндеуін шын жүректен қолдап, су тасқынының алғашқы сәттерінен бастап жерлесіміз, «Ақсайгазсервис» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Шектебаев Тілек Ишболатұлының басшылығымен 25-тен астам арнайы техника, 100-ге жуық компанияның жұмысшылары шұғыл көмекке жұмылдырылды. Ауданымыздың Жарсуат, Қанай, Бөрлі, Ақсу, Кеңтүбек, Бәйтерек ауданының Үлкен Шаған ауылы, Теректі ауданының Ақжайық, Абай елді мекендерінде тасқынға қарсы қыруар жұмыс атқарылды. Ұйқысыз өткен түндер мен дамылсыз еңбектің арқасында топан судың беті қайтарылды. Нәтижесінде апаттың алдын алумен қатар оның келтірер залалын да азайтты. Сонымен қатар Шектебаев Тілек Ишболатұлы тасқын салдарынан баспанасыз қалған отбасыларға жаңа үйлер тұрғызу мақсатында 1 миллиард теңге қаражат аударды.
Міне, бүгін біріккен күш пен ұйымшылдықтың, білікті басшылық пен мейірімділік, мәрт жомарттықтың арқасында ауыр күндер артта қалды. Елдің еңсесі көтеріліп, уайым бұлты сейілді. Жаңа әрі жарық, еңселі, сапалы үйлер небәрі 2 ай мерзім ішінде Кеңтүбек, Ақсу ауылы көшелерінен бой түзеді.
Жаңа үйлерді табыстау салтанатты шарасына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсанов, «Ақсайгазсервис» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Тілек Шектебаев, Батыс Қазақстан қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Салықов, «Наурыз» құрылыс компаниясының директоры Азамат Ғұбайдуллин қатысты.
Аймақ басшысы Нариман Төреғалиұлы және Тілек Ишболатұлы тұрғындарға жаңа баспаналардың кілттерін табыстап, жұртшылықты қоныстойларымен құттықтады. Елдің басынан өткен табиғат апатының келтірген залалы мен оған қарсы жасалған жұмыстары туралы айта келіп, енді мұндай апаттың қайталанбауын тіледі. Сондай-ақ, облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы тәуліктің кезкелген уақытында елге көрсеткен шұғыл, жан жақты өлшеусіз еңбегі үшін Тілек Ишболатұлына шын жүректен ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Атқарылған барлық іс-шаралар Бөрлі ауданының әкімі Еркебұлан Ихсановпен қатар жүзеге асырылды.
Туған жерінің қамын ойлайтын патриот ретінде әрдайым елінің бүгіні мен ертеңіне алаңдап, көмекке зәру жандардың қасынан табылып жүретін Шектебаев Тілек Ишболатұлы ел басына түскен ауыртпалықты халықпен бірге көтеріп, қолұшын беру, әрдайым қайырымдылық жасап, сауапқа кенелу, жанын марқайтып, өзіне ерекше сезім сыйлайтынын айтып, ағынан жарылды. «Ақсайгазсервис» АҚ-ның құрылтайшылары ретінде біз серіктестермен бірге тасқыннан зардап шегіп, баспанасыз қалған жандарға жаңа үйлер салуға көмек көрсету үшін 1 миллиард теңге бөлуге шешім қабылдадық. Сондай-ақ «НефтеГазКапитал», «Орбис» мекемелерінің басшылары Аязбеков Нұрлан, Махмудов Фаррух, Губашев Абзал, Махмудов Сухрабты да атап өткім келеді. Олар да «Ақсайгазсервис» АҚ-ның акционерлері болып табылады және менің ұсынысымды толықтай қолдады. Достарым мен серіктестеріме алғысымды айтамын.
Сонымен қатар бөлінген қаражат аймақ басшысы Нариман Төреғалиұлымен ақылдасып, келісімін ала отырып, нақты Бөрлі ауданына бағытталды. Жерлестеріміздің, топырағына аунапқунап өскен мекеніміздің көз алдымда осындай ауыр күйге душар болуы менің жаныма қатты батты. «Қолымнан келгенін жасадым» деп қол қусырып отырмай, Орал, Ақсай, Атырау, Ақтөбе өңірлеріндегі «Ақсайгазсервис» АҚ-на мердігер мекемелердің басшыларын жиып, елімізде, өңірімізде, Ақсай қаласының іргесіндегі көршілес ауыл, елді мекендерде болып жатқан апатты жағдай, су тасқынынан зардап шеккен жерлестерімізге қолдау көрсетіп, біріге көмек беру идеямды жеткіздім. «Бірлік бар жерде, тірлік бар», «Бөлінгенді бөрі жейді» деген халық даналығын алға тартып, соның арқасында мердігерлер менің сөзіме құлақ асып, «Ақжайық» көмек қорына бүгінгі күнге дейін 41 миллион 700 мың теңге аударды, сол себепті мердігерлерге ризашылығымды білдіремін. Жалпы, Шектебаев Тілек Ишболатұлының жеке бастамасымен «Ақжайық» көмек қорына, тасқыннан, судан зар дап шеккен отбасылар үшін 42 жаңа типтік үй құрылысына 1 миллиард 41 миллион 700 мың теңге аударылды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі күнге жалғасуда.
Су тасқынынан зардап шеккен жандарға көмек беру шарасынан «Ақсайгазсервис» АҚ ұжымы да шет қалмады. Ұжым мүшелері ерікті түрде бір күндік жалақыларын, яғни 6 миллион 500 мың теңгені көмек қорына аударды. Бұл игі шара-ға серіктес «НефтеГазКапитал» мекемесінің ұжымы да қосы-лып, 5 миллион теңге аударды. Олардың барлығына алғысымды білдіргім келеді.
«Ақсайгазсервис» АҚ Президенті Сапаров Шүкірғали «Сұңқар көкте сыналады, тұлпар топта сыналады» дегендей, басшымыз Тілек Ишболатұлы сын сағатта өзінің нар тұлға, шыншыл азамат екенін көрсете білді. Тасқынның алғашқы сағаттарынан бастап бүкіл күшті су тасқынын тоқтатуға жұмылдырды. Елінің ертеңін ойлап, баспана салуға қомақты қаражат аударды. Құрылыс басталған мезеттен 40 үй салынуға бағытталған қаржының дұрыс жұмсалуы мен салынып жатқан үйлердің әрбір шегесінің түзу қағылып, әрбір кірпішінің дұрыс қалануын күнделікті бақылап отырды. Онсыз да қызыл судың зардабынан титықтаған халықтың ертеңгі күні шалапұла жасалған үйде тұрғанын қаламады. «Еліңді сүйсең, ерлік істейсің» деген халық мәтелі сын сағатында әрбір іске жауапкершілікпен қарап, шын көңіл, таза пейілдің арқасында абыроймен атқарылған осыншама қыруар жұмыстардың дәлелі іспетті.
Темірдей тәртіп пен қатаң бақылау нәтижесіз қалмады. Баспанасыз қалған Ақсу ауылы мен Кеңтүбек елді мекенінің тұрғындары қысқа мерзім ішінде іргетасы биік, заманауи, еңселі үйдің иелері атанды. Осылай басшылық ғана емес, адами қа-сиеттерінің арқасында Шектебаев Тілек Ишболатұлы, елінің сеніміне ие болып, құрметіне бөленді және өз Отаны мен хал-қының нағыз патриоты екенін көрсетті.